Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  71


Автор: Мұрат Шаймаран

Алматыда көктем

Қараймын сұлулыққа мас ғаламға,
Дүние кербездене бастаған ба.
Табиғат аққайыңның шашын өріп,
Бұлаққа шолпы байлап тастаған ба.
Тасқа да тамыр беріп еккен бе гүл,
Кернеген көкіректі неткен дүбір!
Сайрайды таң алдында тамылжытып,
Шираздың гүлзарынан жеткен бұлбұл.
Сілкініп қырандайын қырағы үміт,
Көңілім көктөбеде тұр аңырып.
Құмарпаз қызыл-жасыл беу, дүние!
Байтақта баратқандай гүл ағылып.
Ақын ем тауды сүйіп, даланы ұққан,
Бейіштің нұрларынан жаралып маң.
Қыз – жауқазын жəудіреп тұрып алар,
Əлденені күткендей бала бұлттан.
...Талықсып тамырына тамшы сіңген.
Құбылар қызғалдағың бар түсімен.
Ал “бұзығың” бұрқырап кете барар,
Боз атын борбайлатып қамшысымен...
Жүдеме мұңды жүрек,
Жасыма өлең,
Барады сеңдей болып тасып əуен.
Бұлқынба, бұлықсыма һам бұлданба,
Сенсіз де бір-біріне ғашық əлем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу