Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  103


Автор: Мұрат Шаймаран

Түс немесе Құлпытасымдағы жазу

Кеңсайда зират күмбезіменен көк тіреп,
Көк тіреп тұрды Аллаһқа мадақ, көп тілек.
...Бейшара менің бейітімде тұрды бір жазу:
“Белгісіз ақын өтті” – деп.
“Тарымды таптап, Жоңғардан жортып келді ,– деп –
Қолтығынан демер Алатауына сенді,– деп –
Ақыры оны алқаштау досы арулап,
Осында əкеп көмді” – деп.
“Жасып та жүрді,
тасып та жүрді алшаңдай,
Жұмбақтау еді, өрімі қалған тарқалмай.
Алматыны бір қазақ емес, мың қазақ,
Сүйе алмаушы еді дəл сондай.
Ханға да бітпес өрлігі үшін қашанғы,
Танылмай жүрген талантқа талақ жасалды.
Даңқтан қашты,
Жек көре білді жəне де
Даңқшыл далбасаларды.
Ақшулан еміп арқырап өскен осы ақын,
Ардақтап өтті махаббат атын,
Дос атын!
Азаттығы үшін аспанның ащы жасына,
Қайғылы ернін тосатын.
Аңғал да саңғал нар атан сынды порымы,
Оқитын еді шайырларды ғана ең ұлы.
Қиялшыл ескі лашықта өскен жарлының,
Жұмақта болсын орыны.
Əмин...”




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу