Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  137


Автор: Мұрат Шаймаран

Жезөкшенің жыры

Аз ғұмырда қайтесің сынып, құлап,
Заман зəрі өзге удан уыттырақ.
Құла менің құмарпаз құшағыма,
Дүниенің боқтығын ұмыт бірақ.
Қолаң қара шашымды түнді ұрлаған,
Кəйіп ғасыр мастана мың жырлаған.
Анау тентек мұртыңмен түртіп оят
Менің күміс күлкімді сыңғырлаған.
Ғазиз бастан алшақ мұң, алшақ қайғы,
Өлез ғана өлгенше мал сақтайды.
Үлбіреген үрпімнен шыққан шырын,
Асыл-асыл шараптан кем соқпайды.
Жүре берер жүрегің балқып бірден,
Кез боласың ғажапқа сен күтпеген.
Ханның қызы – ханшадан қылықтымын,
Əспеттеген арудан артықпын мен!
Махаббат жоқ!
Лаззат бар жанға құса,
Шалқы, шалқы Хафиздің арманынша!
Тар төсекте талықсыт, иле мені,
Иле мені иім бір қанғанынша!
Сөгілгендей көктемгі жағада сең,
Бір мырзалық жаса да маған əсем.
Жап та есікті жалқаулау кете бергін,
Кете бергін,
Артыңа қарама сен!
Таңның нұры əйнекте – тобылғы рең,
Тобылғы рең секілді өмір білем.
Жанарымның түбінде бір тамшы бар,
Төгілмеген,
Ешкімге көрінбеген.
Ал сен болсаң əн салғын,
Биле тегі!
Ойла тағы: “ Əйелдің күйлі етегі”...
Бəрін бірден сатуға болатынын,
Қоғам өзі қолымен үйретеді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу