Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  76


Автор: Мұрат Шаймаран

Элегия

Ақшамы нəн қаланың, сірə, суық,
Тұрды Төбет аштықтан бұратылып.
Тұрды Төбет хан жолдың жағасында,
Мұң ұялап жанарға бұла, тұнық.
Сынық күлше бұйырмай елден кілең,
Үміт атты білте шам сөнген білем.
Шырақтары ажалдың көзіндей боп,
Ағып жатыр машина лек-легімен.
Тұрды Төбет,
Бар ойы қалмау құлап,
Табылар ма тасбауыр жолдан қуат?
Тұрды Төбет тұмсығын көкке білеп,
Ұлығысы байқұстың келді-ау,
Бірақ...
Қанша ғұмыр,
қаншама жол шеккенін,
Қиялының жия алмай бөлшектерін,
Тұрды Төбет сағынып енесінің,
Уыз сүтке керілген емшектерін.
Болар деп пе еді өмірдің арты бұлай,
Арты бұлай – қасірет салқынындай.


Енесінің ескірген елесіндей,
Күлімсіреп қарайды жарылық – Ай.
Жылдар мынау даңғаза, ісіп-кепкен,
Кетті бəрі: күшік – жаз,
Күшік – көктем!
Ет жүрегі елжірей есіне алды,
Адал, албырт иесін – ішіп кеткен.
Сахарадай санасын ойран қылып,
Сайқал – дүние,
тəкəппар тайраң-ды жұрт.
Тұрды Төбет хан жолдың жағасында
Адамзаттың қоғамы ойландырып.
Талақ етіп салқын күн,
Түнді ғаріп,
Өлім биін биледі мың бұралып.
Аштық па əлде,
Ашу ма аласатқан,
Доғалаққа ол өзін ұрды барып...
Ем тауып бер демеймін жарама сен,
Селт етпеді-ау Алматың оған əсем.
Көкбөрінің қанындай қып-қызыл қан,
Қып-қызыл қан: Қара – жол,
Қара – көшең.
Өлді төбет...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу