Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  83


Автор: Мұрат Шаймаран

“Аллах-тың” суреті

Малынып бар сия, бар уға,
Қап-қара қарындаш қолында,
Отырды Қоғам – шал ойланып,
АЛЛАХ - тың суретін салуға:
Біле алмай махбуздың мəн-жайын,
Адасқан бақсыдай əрдайым,
Төрде озған бөтендеу біреуге
Ұқсатып жіберді маңдайын.
Құлаған қылбұрау төзімнен,
Уақыт тұр,
Бауыры езілген.
Аярдың айнасы секілді,
Көзі де дəл соның көзіндей.
Хадистер,
Аяттар,
Жақсы Иман.
Қуықтай шанаққа жоқ сиған.
Екі ұртын жем қылған азуы,
Арланның тісіндей ақсиған.
Ақ емшек үміттен қан сауып,
Толтырған Аждаһа – жемсауын.
Шүріппе басуға жаралған
Сияқты қатыгез саусағы...
Қалдың-ау, Жер – ана, сен ғапыл,
Қалдың-ау, Күн – ана, сен ғапыл.
АЛЛАХ-қа серік қып Қоғам – шал
Адамның суретін салды ақыр.
Ыңырсып Ібіліс – ой-арман,
Қапастай кеудеден оянған.
Сол аппақ ахырет матада
Мəңгілік күнаһар Бояулар...


Ей, Қоғам!
Жалқы көз, жарым бас,
(Сенімен тағдырым тамырлас).
Шексіз, мол құдірет иесі –
АЛЛАХ-тың бейнесі салынбас.
Ей, Қоғам,
Алқынба, дал ұрма!
Сол сенің таппаған Жоғың да.
Қолыңды сұқпа сен санама,
АЛЛАХ ол – ақ адал жадымда.
Намыс пен қорлықтан еті өлген,
Ей, Қоғам,
Көксаудай жөтелген.
Бұл Қолдар – дəретсіз қолдар ғой,
Шайтанның шашбауын көтерген...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу