Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  88


Автор: Мұрат Шаймаран

Ли бай кесенесі алдында

Көтер басыңды, Балқаштың ұланы!
Серт тұтқан жұлдыз бен күмбезді күн атын,
Сен туған өлкеден жусанды-жуалы,
Келіп тұр бір ақын.
Сен менің шығысқа шашылған қанымсың,
Үйсіннің немесе жауынгер Сақтардың.
Тағдырын ойнатқан тəкəппар тағысың,
Ұшында шоқпардың.
Санаңда Сарыарқа сағымын бұлғаған,
Ақырған қымызға кепті ме кенезең?!
Шөліңді баспайды Шаңжияң да тулаған,
Баспайды Сарыөзен.
Пифаның əуезі,
Қып-қызыл шырақтар,
Мəйхана төрінде масаңдау шерменді ер.
Жырыңда кісінеп жүреді пырақтар,
Аңқиды ермендер...
Аңсары жеті қат аспанмен өлшенген,
Талпынған шалғайға Шайырдың жаны – құс.


“Шараптан өлді!” деп айтады,
мен сенбен,
Өлтірген – сағыныш!
Дақпыртыңа елтіп, даңқыңды жырлаймын,
Патша да қасыңда өртенген намыстан.
Құшам деп сəулесін батыста нұрлы айдың,
Мерт болған Арыстан!
Мен енді кетемін,
Шақырған жолдарым,
Бостандық аңсаған арғымақ арманым.
Мен ұстап қала алмас Қытайдың қорғаны,
(Орыстың орманы).
Алқынған ағыспын,
Шу асау өлеңмін,
Өзгенің қолында қалдырма, Тіршілік!
Егер де мен өлсем,
өлермін –
Балқашқа тұншығып.
Қош бол, Мұңдық...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу