Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  91


Автор: Мұрат Шаймаран

Түсіме ылғи арғымақтар кіреді

Күн-үмітім секілді ме түнге ұлас,
Мезі етті ме мені мезгіл жым-жылас.
Түсіме ылғи арғымақтар кіреді,
Арт жағына шаң қалдырып мың құлаш.
Өстім бе екен қайғы емшегін ерте еміп,
Өштім бе екен көкірегіме дерт еніп.
Тұяғынан ұшқан оттың жарқылы,
Жанарымда тұрып алды өртеніп.
Ер-тұрманы алтынменен тысталған,
О, Арғымақ, күйіксің-ау ішті алған.
Тағат таппай асығады алақан,
Сенің қайыс тізгініңді ұстауға.
Жаратқаным жалынышымды жөн көріп,
Қамбар ата қаныма бір дем беріп.
Қолаң қара бұрымдарын тарқатып,
Бір сұлуды қашсам ба екен өңгеріп.
Тентек ұлдың үкімін сен айт, елім,
Маған желде жете алмайды-ау, əй, тегі.
Алматының көне көшелерінен,
Жұлдыздай боп ағып өтсем қайтеді?!
Балғын тəнде бақытым мен несібем,
Ақанға ұқсап ару сүйіп өсіп ем.
Есеңгіреп қалар ма екен емендер,
Жұрт адасып қалар ма екен есінен…
Шіркін, сондай пырақ түсіп тақымға,
Өтер өмір өтсе деймін аһ ұрмай.
Зулап өтсем, жырлап өтсем,
Бабамның
Байырғы һəм ұлы махаббатындай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу