Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  509


Автор: Мұрат Шаймаран

Еркін аспан өлеңі

Қандай əсем еркін аспан өлеңі!
Бояулары, ұйқастары, бедері;
Саусағыңмен сипап көргің келеді.
Асыл сөзбен, тылсым сөзбен не түрлі,
Жаратушым жазып қойған секілді,
Дегендей-ақ: «Мына мені ет үлгі!»
Керемет сөз жетпей қалып құлаққа,
Қиял ғана керуен тартар жыраққа –
Кеңістікте қалған сынды тұрақтап.
Жұлдыз – үтір,
Күні – нүкте жыраудың;
Қиылған ай арасынан мұнардың,
Белгісіндей көрінеді сұраудың.
Қай сауалың қинамады, енді өмір,
Жауап іздеп байланады шер көңіл,
Жапан кезген диуанамын мен де бір...
Еліктірген жүрегі ояу адамды,
Оқимын мен қызыл арай таң алды,
Сырлы-нұрлы ұлы поэмаларды.
Соның бəрін жатқа тұтып алам мен,
Құстың жолы – сорғалаған ақ өлең,
(Сені солай ұғынамын, о, əлем!)
Бар ғаламды құндағына бөлеген,
Мені рух шыңдарына жебеген,
Сен аман бол, еркін өлең, өр өлең!
Əлденені сыбырлап қап іңірде,
Сор кешемін қияметтің күніндей,
Аударам деп сені пенде тіліне...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу