Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  75


Автор: Мұрат Шаймаран

Қысқы жоңғар даласында

Суыт жүрген жолаушы ма,
Суыққолды біреу ме деп.
Қысқы жоңғар даласында,
Можа жыңғыл тұр елеңдеп.
Кештің шым-шым үскірігі...
Менің шерлі жанымды улай –
Бір əуенде күшті уілі,
Күй тартады кəрі қурай.
Бой алдырған құса-мұңға,
Өзге тілде түн жырлайды.
Қасат қардың құшағында,
Айдың нұры сыңғырлайды.
Ақыреттей аппақ əлем,
Жатыр өліп бар маңайым.


Тамашалап тұрсың ба сен?
О, жоңғардың толған айы!
Нені айтасың күміс үнмен,
Неге көңіл оязданып?!
Онда менің жұмысым не,
Жүректі тұр аяз қарып.
Сандалады сезім санға,
Бұл ғаламның сырын бағып.
Ай, сен маған көзің салма,
Ақша бұлтқа тығыл барып!
Аңсамаймын əнді де əсем,
Аңсамаймын ешбір үнді.
Аңдыма сен, аңдыма сен,
Алабұртқан кескінімді.
Өткен ызғар табанымнан,
Маңдайыма жетсе мейлі.
Мəңгілікке қалам мұнда,
Өзге мекен көксемеймін.
Тарихтың парағынан,
Ізде менің ғұмырымды.
Төгілмес жас жанарымнан,
Ақ сүңгі боп тұр ілулі.
Тамұқ күннің халін сезіп,
Кірпікте – мұз, іште шемен.
Диуанадай жүрем кезіп,
Сол тамшы ағып түскенше мен...
Суыт жүрген жолаушы ма,
Суыққолды біреуме деп.
Қысқы жоңғар даласында,
Можа жыңғыл тұр елеңдеп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу