Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  71


Автор: Мұрат Шаймаран

Мен жалғыз түп емен

Үнімді ұқпай керең күн,
Үлгімді көзге ілмеген.
Мен жалғыз түп еменмін,
Түндерде ғана бүрлеген.
Бояудан қара нəр алдым,
Күнəдан бойды аршып ап.
Ағады жасы ғаламның,
Жапырағымнан тамшылап.
Аңсарым – мөлдір ана – аспан,
Мекенім – келең кең дала.
Тұрағын таппай адасқан,
Серігім – желген жел ғана.
Жамырар самдар шағында,
Жұлдыздар тартқан күйменен.
Ербеңдеп бұтақтарым да,
Есалаң жандай билеген.
Қаншама күзге шашылдым,
Қасіретім жанды он орап.
Елесі мұңды ғасырдың,
Бауырымда қалды паналап.
Қайсар ғып əрі қайғылы
Жаратқан екен мені кім?!
Өтеді талант – тағдырым,
Күзетіп үміт өлігін.
Құлаған мезгіл əні улап,
(Мен солар үшін жырлаймын).
Жуамын тəнін арулап,
Сəулесіменен нұрлы айдың.
Талпынар едім, таң жырақ,
Табыттай түнде жатырмын.


Тұрады басы салбырап,
Саямда сарсаң ақынның...
Үнімді ұқпай керең күн,
Үлгімді көзге ілмеген.
Мен жалғыз түп еменмін,
Түндерде ғана бүрлеген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу