Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  81


Автор: Мұрат Шаймаран

Өмірге дәт

Тағы да өлді, тынды, жапырақ – жасыл ғұмыр,
Зымырап бара жатқан, ей, өмір, басыңды бұр!
Жаралған əлемдегі ең ұлы бір арманнан,
Мен сенің шайырың ем, шашына қылау қонған.
Шаршаған шағым қанша,
Беймаза түнге ояумын,
Өлеңге көшірсем деп əлемнің мың бояуын.
Үзілсе сабағынан,
Ұшса гүл тозаңданып,
Елесі көбелектің жүреді мазамды алып.
Шырылы шегірткенің ақшамда, жаз айында,
Жетеді туған дала мұңды бір ғазалындай.
Жарығын жауыздықтар кетердей желге сүйретіп,
Ізгілік – жалқы шырақ,
Күзетем сөнбесін деп!
Жаһанның жарасын бұл жаныммен мен емдедім,
Басымда қайғым қалың, əжімім терең менің...
Тағы да өлді, тынды, жапырақ – жасыл ғұмыр,
Зымырап бара жатқан, ей, өмір, басыңды бұр!
Көзімнен жасымды сүрт,
Көңілден тұманды аршы,
Бозбала кезім болып алдымнан бұлаңдашы!
Арқырап айғыр мініп кетейін қырға шығып,
Оранып қызғалдаққа,
Қалайын нұрға сіңіп.
Жылуын сыйласын жер,
Қандырсын шөлімді аспан,
Ертегі елін кезген қиялшыл едім жастан.
Таранар дүлдүл жалы самалдың саусағымен,
Сахара – салиқалы күндерді аңсадым мен.


Еліткен есі кете жырымның сыңғырына,
Сүзіліп тұрсын сұлу оралып шылбырыма.
Сезімнің желпуімен,
Көкірек серпінімен,
Сылдырлап шашбаулары, сөйлесін шолпы бірден.
Бауырына тартсын мені балғын тəн, балаң қылық,
«Келгендей бейіс лебі»
Тұрсын бір танауға ұрып.
Дірілдеп салпы еріні,
Дегендей: «қалай мұның?!»
Кісінеп берсін сонда астымда қара айғырым.
Жүдеген жүректерге мен талай от жағармын,
Бағымнан күйіп іші өртенсін бəтшəғардың!
Шайнасын ауыздығын,
Шайнасын қаршылдатып,
Табандап сол ауылда таң асып алсын жатып.
Пенденің ұры сөзін қайтемін ұрандатып,
Ай нұры һəм арудың деміне тұрам балқып...
Тағы да өлді, тынды, жапырақ – жасыл ғұмыр,
Зымырап бара жатқан, ей, өмір, басыңды бұр!
Тілімде тілегім ед наз еткен сөз ғана бұл,
Құшпасын жас аруды, оралмас бозбала күн.
Сен маған берші уақыт,
Ажалға жуық қонбай –
Қалтасын қайыршының қаққан бір суық қолдай.
Сен маған берші уақыт!
Шалардай қыраулы үсік,
Көгілдір жердің шарын кеудеме тұрам қысып.
Менсіз бұл тағдырға сан бір зауал жететіндей,
Кірпігі дүниенің айқасып кететіндей...
Ей, өмір, сен маған берші уақыт!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу