Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  93


Автор: Мұрат Шаймаран

Жер, мен саған табынамын

Жер, мен саған табынам,
Сен үшін əр өлең, əр ұран.
Мен саған табынам,
Өзге бір мекенім жоғынан.
Белгісіз əлемнің бедерін,
Қолыммен ұстағым келеді.
Ғарыштың кеңдігін қайтейін,
Сендегі еркіндік – керегі!
Қиялдың қанатын сындырған,
Болса да тым шұғыл,
Тым жылдам,
Сендегі өмірге ғашықпын,
Кеңістік сыйлаған мың жылдан.
О, менің қазығым,
Байтағым,
Бастың да бауырыңа шайқадың.
Өзіңнен мен қалай басталсам,
Мен солай өзіңе қайтамын.
Арылып кір тірлік,
күнəдан,
Сен жазған тағдырды хұп алам.
Жек көрем мумия ғасырын,
Топырақ боп қаламын,
(қуанам..!)
Сенбеймін «жоғалту» дегенге,
Жатамын сап-салқын тереңде.
...Тамырдан қауызға жетемін,
Беруге жаралғам мен елге...
Жер, мен саған табынам,
Сен үшін əр өлең,
əр ұран.
Мен саған табынам,
Өзге бір мекеннің жоғынан.
Жұлдызды – шафхаты – шырағы,
Мəңгілік күлімдеп тұрады.
Мен тағы аспанды сүйемін,
Көк аспан – тəңірдің тұрағы.
Жамылып сəулесін əр айдың,
Сен берген дəнімді санаймын.
Аллаға қоспаймын атымды,
Диқанның көзімен қараймын.
Өтеді күн алаң,
Түн алаң,
Ырысым, төгілмей,
Тұр аман!
Тозаң боп кетпесін деп сені,
Мөп-мөлдір жасыммен суарам...
Көңілде күпірлік қалмай түк,
Тəу етпен өзіңе мен қайтып.
«Жер, енді, адамға табын!», – деп,
Даңғаза дəуірлер салды айтып.
Сен жайлы ұғымдар киелі,
Көмескі көп ойды түйеді:
Зəулімнен құлаған сені іздеп,
Күл болған Гагарин сүйегі...
Тағы да ұшты адам, о, бəлі!
(есімде Ескендір жамалы)
Ғаламға əмірлік ақыры –
Жер, саған табыну болады!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу