Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  90


Автор: Мұрат Шаймаран

Бадет Ахыметжановқа

Жаралған сұлу дүние сыңғырынан,
Тынды бір əн.
Құлады маңып барып ақжелең күн,
Маңдайы түнге ұрылған...
Мен сенің қабіріңе тұрмын келіп,
Жанымды бір мұң көміп.
Баяғы мынау ғалам қаз-қалпында,
Бақастық, дүр-дүр желік.
Бүлініп болмаса не кемелденіп,
Кеткен жоқ сен өлгелі...
Кетті ағайын, ең соңғы жақсылығы –
Тепкілеп, терең көміп.
Таланттың талғары тұман ұдай,
Топырағынан мұң арылмай.
Қалды молаң, тірексіз тірліктегі,
Жұпыны тұрағыңдай.
Кеш батып, енді саған ағармас таң,
(қалар рух, қайтадан оралмас тəн).
Ағып түскен жұлдызын жоқтағандай,
Телміріп қарайды аспан.
Мезгілдердің бермесін, берерін де,
Ойладың ба сөнеріңде?!
Ескерткіш қып қоятын мраморлар,
Жатыр тек сарайлардың еденінде.
Құлқынға құл тобырдан тілеп баға,
Жаныңды жүдетпе, аға,


Жоқтаушың бар артыңда халық деген,
Мекенің – жүрек қана.
Ғұмыр кешпес пенденің санатында,
Дара тұлға!
Көктемдерді жетелеп жүрер əнің,
Құстардың қанатында.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу