Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  60


Автор: Мұрат Шаймаран

Күз жыры

Тамыз – сараң ұсынбады сыйға түк,
Қуаң атыз, жігер жүнжіп, ми қатып –
Тұрды диқан саусағының ұшымен,
Шылым сіңген жирен мұртын ширатып.
Жел сыңсиды, қурай зарын қосады,
Көкжиекте күннің қызыл тосабы.
Көк аспанның кеудесіне қадалып
Тұрды жебе – алтын дəннің масағы.
Барады құс түстік жаққа жиі ағып,
Жетегінде кетті дала қиялы.
Тұрды диқан, қолындағы орағы,
Секілді бір күңгірт айдың қияғы –
Бар тірлігін жарық қылып сəулесі,
Айлардан сан аман алып келді осы.
Жады болып турап өтті жəне де,
Арман толы кеудесін.
Орақ, саған басымды мен иемін,
(Адал еңбек, ашты терге киелі!)
Соқа жүзі тіліп өткен көктемгі,
Бұрқыраған жер иісін сүйемін.
Мөлдір тамшы қалған тұнып ізінде,
Аңызғақта аптап өткен жүзін жел.
Сүйем тағы қоламтада күреңітіп,
Піскен нандай егіншінің қызын мен.
...Бала кезім еді менің бүр жарған,
(Қалған маған естеме көп жылдардан).
Мұңды əніне бөлеп ауыл ақшамын,
Сол бір қыздар қайтушы еді-ау қырманнан.
Барады құс түстік жаққа жиі ағып,
Жетегінде кетті дала қиялы.
Тұрды диқан, қолындағы орағы,
Секілді бір күңгірт айдың қияғы.


Жердің шөлі – ерінінде кезерген,
Көрер ме едің,
оны, мезгіл, сезер ме ең?!
Қарғайды кеп жаумай өткен жазыңды,
Тамбай өткен бұлттарды да безерген.
Қарау күннен қайыр күткен қара там,
Атар қашан ырыс таңы, дара таң!
Тұрды диқан бір ысынып, бір суып,
Орақ сабы ойып түскен алақан.
Енді өмірдің орай берер жоқ шағы,
(Ешкім оны жылытпайды от жағып).
Тұрды диқан сүреңсіз бір түс көріп:
...Сабан болып сұлап жатты сап-сары.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу