Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  90


Автор: Мұрат Шаймаран

Мен елеспін

Мен елеспін.
Тұманды түндерде үрейлі,
молалар басында түнеймін.
Ақ алау, аппақ нұр жан-жағым,
шақырып бабалар аруағын,
кеудемді ескі бір мұңға ашып,
отырам сырласып.
Молалар, молалар, көнерген,
өткен күн жоқ өлген!
Жаһан бұл жалғандық ісінген,
келешек өмірлер үшін де,
аруақтар, соны айтып берер ме ең?!
Ақиқат!
сенем мен.
Білесің, білемін, тегінде,
мүмкін бе рухты көмуге...
«Зарымды адам ұқ, аспан ұқ!» –
дегендей, көзінен жас тамып,
өксігі бір келіп, бір қайтып,
ол маған бəрін де тұрды айтып.
Тұрды айтып ықылым жұмбағын,
қатпары тым қалың...
Мен елеспін,
Кеземін далаңды,
саламын жадыңда жоқ əнді.
Қаңтардың кешінде боранды,
күзетем қораңды.
Ошағың сөне бір бергенде,
есіктен өлі ұйқың енгенде,
селт етіп қаламын,
ақырын əйнекті қағамын.
Бесіктен оятып сəбиді,
(ол мені таниды)
отырам қасында сыбырлап.
Əлдидей естіліп бұл ырғақ,
балбырап жатады,
тым ұзақ қиялға батады.
Нені ұқты, нені айттым келелі?!
ертең-ақ ол сөйлеп береді...
Елеспін, елеспін, қарашы!
кеше мен бүгіннің арасын
жаныммен жалғаған,
уақытқа тəуелді болмаған...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу