Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  94


Автор: Мұрат Шаймаран

Ақшамда ақ боран

Ақшамда ақ боран ойрандап тау ішін,
Əлек сап жатады, тындым ғып бар ісін.
Жалғыз көз жарықтан тамсанып өмірге,
Мен жатам ескілеу жер үйдің төрінде.
Құлақтан кіріп ап жүрекке жүгірген,
Бір дауыс мазамды алады түнімен.
Үскірік жүзімді жалайды тілімен,
Ұлыған боран ба,
Бөрінің үні ме?!
Боран ба, қойшы əрі, ұлыса, ұлысын,
Кімді іздеп шарқ ұрып, табады кімісін,
Онда не жұмысым!..
Тас керең тағдырдан мейірім сұранып,
Ұлыған Бөрі ғой, Бөрі ғой бұл анық.
Əнеу бір сараң бай бір тоқты бермеген,
Жыладың сол үшін, жыладың сен неден?!
Өртеніп құлаған жұлдызы батыстың,
Секілді көздерің шашады от ұшқын.
Адамдар мекені өзіңді жатсынған,
Өлі бір ұйқыда, тарт бері, Ақшулан!
Малымды шауып кет, саған да жем керек,
Онсыз да шаруамыз тұрған жоқ дөңгелеп.
Тойдың ба, қалғанын кеткейсің бауыздап,
Қалсын бір жемтіктер киелі ауыздан...
Малынан басқасын жоқтамас бұл халық,
Қалсын бір егіліп, қалсын бір тұлданып!
Үрей боп үрпиіп,
Ажалдай ұрланып,
Бұрышта тұр мылтық, сүмбісі сұрланып.
Ешқашан саусағым сипамас құндағын,
Өйткені, таңдайда сүтіңнің тұр дəмі...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу