Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  92


Автор: Мұрат Шаймаран

Көкжал дауысы

Дəметпеймін сөз айтар деп кім жылы,
Саған сенем, ертеңгі күн – нұрлы күн!
Құлағыма еміс-еміс жетеді,
Көкжалдардың ұлып салған «түн жыры».
Талпынамын ешбір тағат таба алмай,
Шарқ ұрамын бəйге атына шабардай.
Жүрем ессіз ай сəулесі астында,
Айкезбе боп аласатқан адамдай.
Қараңғыны тіле көкке самғаған,
Көкжал даусы!
Сол дауысқа арбалам...
Тұрды дауыс жұлдыз жарығы арқылы,
Маң далаға сорғалап.
Селебедей жарып кіріп кеудемді,
Жүрегіме төгіледі ол менің.
Қандай бақыт, қандай бақыт!
Тек сенің
Ақ сүтіңді емгенім.
Мен де сенің бөлтірігің, (сене бер)
Жанарыңның жасыл отын бере гөр!
Өтер ме едім, кетер ме едім мəңгүрт боп
Өзіңді ембей, доңызды емсем мен егер?
Күнім менің – бүгінгі күн, қыли күн,
Мың өртенем жəне де мың суимын.
Үрейге сап мынау тұнжыр ғаламды,
Жасыл жыңғыл арасында ұлимын.
Ұлимын мен, анам – бөрі (бар шыным!)
Бар күдіктің тұманынан аршылып,
Қалар менің ащы, азалы дауысым,
Қара аспанның көкірегіне шаншылып.
Тəрк етіп тірлігімнің бар заңын,
Ұлимын мен, кеудем толы ақ жалын.
Жаңғыртып бір менің туған өлкемді,
Солай ұлып жататұғын көкжалың...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу