Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  110


Автор: Мұрат Шаймаран

Саған рахат, маған азап болса да

Тұңғиық көзіңде тұншығып жүрдім қаншама,
Бір күйік сезімге құлшынып жүрдім қаншама;
Білмеймін өзім де
Күрсініп жүрдім қаншама;
Саған – рахат, маған азап болса да.
Мəжнүндей болып дал ұрып жүрдім қаншама;
Ақылдан, естен арылып жүрдім қаншама;
Нəркес жанарыңды найза кірпіктерің жапқанда,
Мен де бірге жабылып жүрдім қаншама;
Саған – рахат, маған азап болса да.
Сəулесіз түндерде тайғанап жүрдім қаншама,
Сен боп туар деп ай қарап жүрдім қаншама;
Қоңыр кештерде ескен самал боп,
Қайың – балтырыңды
аймалап жүрдім қаншама;
Саған – рахат, маған азап болса да.
Жауатын күндей бұзылып жүрдім қаншама,
Дауасын білмей қызынып жүрдім қаншама;
Сенің бақытың бал-бұл жанған күн,
Аспаныңнан жұлдыздай үзіліп жүрдім қаншама;
Саған – рахат, маған азап болса да.
...Өтті дəурен əрі мұңды, əрі ізгі,
Жапты уақыт басып өткен бар ізді.
Кеудем менің ескі сарай секілді,
Жүрегім иесіз шырағданы тəрізді.
Саған – рахат, маған азап болса да...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу