Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  67


Автор: Мұрат Шаймаран

Жырым менің...

Жырым менің тым мұңды,
Жырым менің тым асқақ,
Улы жебе сияқты тартқан біреу құлаштап –
Ауалардың дірілін бұза көкке самғаған,
Уақыттардың ағысы ұстап қала алмаған.
Түйреп өтер бұлттарды жататұғын шарпылып,
Жасын оның – айғағы,
Жасын оның – жарқылы.
Адастыра алмайды қап-қара түн, қара түн,
Жұлдыздардың сəулесі күйдіре алмас қанатын.
Менің жебелеріме шексіздікке жол ашқан,
Аңтарыла қарайды адал, момын ақ аспан...
Көлдер ағып көзіме жететұғын секілді,
Шарасынан төгіліп кететұғын секілді,
Сардалада сандалған үміттей боп бір ғарып,
Жетім оты даланың жанарымда тұр жанып,
Боз жусанға шық қонған меруерттей,
Бір-бірден
(Өрт боп жанып кетердей.)
Кірпігіме ілдім мен.
Əр сəтінің елесін бермей қара шығынға,
Тарихымды қайғылы көмдім қарашығыма...
Жырым менің тым мұңды,
Жырым менің тым асқақ,
Улы жебе секілді тартқан біреу құлаштап.
Қасиетті ақшамның аруағына дұға қып,
Тартқан жебе еді бұл көз жасыма суарып.
Түс көремін мен ылғи,
Түс көремін,
Туысқан,
Қанға бояп жатамын шыққан күнді шығыстан...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу