Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  115


Автор: Мұрат Шаймаран

Ескі сағат

Жылдар бойы қасқая тұрып алып,
Сол ескі қабырғада сызат жүрген.
Жаңылмай əр сəтіңнен жылжып ағып,
Қаншама ғұмырларды ұзаттың сен?!
Балалық мұжық тамды мекендеген,
Келеді көз алдыма қаншама елес!
Сен ғанасың көрген жан етер елең,
Сосын сынық терезе, қаусаған пеш.
Балалық мұжық тамды мекендеген,
Келеді көз алдыма селтеңді өмір.
Мен бүгін берсем айтып ел сенбеген,
Тынған əн, сынған домбыра, өртенген жыр.
Шашылған мезгілдерін жоқтасын кім, –
дейді маған ақшамда «араз кісі».
Сен ғанасың бар көркі отбасымның –
Уақыттың əділ, ұлы таразысы.
Кеңістікке сабалар қанатын мың,
Дəуірлердің көтермес егесін бой.
Суарып қойған уға,
Қара тілің
Белін жазса, садақтың жебесіндей.
Тіледім мінəжəт қып жан-тəніммен,
Алапат һəм қаталдау арыныңды.
Тағы да алабұртып аңсадым мен,
Сол күнге мəңгі тоқтап қалуыңды.
Тағдырдың тізгіні бар уысыңда,
Айта алмай əлденені «тілсіз ғаріп».
Қалдың сен сол бір үйдің бұрышында,
Мен қалт жіберген ғаламды үнсіз бағып...
Отырмын кең сарайда жүзім сынық,
Сен тұрсың төр алдында жаңаланып.
Жеткендей «сырт-сырт» етіп үнің суыт,
Ескі күн ескерткішін маған алып.
Мен, əйтеуір, аңсамаймын гүл өмірді,
(Ешқашан шайқалмайтын сенім бұлай?!)
Бір əуен сыздатады жүрегімді,
Қап қойған денемдегі жебе уындай...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу