Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  64


Автор: Мұрат Шаймаран

Өмірге

Жалаң аяғымен қар басып жүрген,
Мен едім сенің «желөкпең».
Бақыт пен қайғы алмасып жүрген,
Өмірім, саған жоқ өкпем!
Ержеттім нұрлы талпынып күнге,
Ей өмір, ғашық балаңды ұқ!
Қасқая қарап тұрдым мен бірде,
Арымды аппақ жалау қып.
Адалмын саған, асқақпын, тіптен,
Жырыңды жаттап ескірген.
Қияндарға жанарын тіккен,
Қиялшыл болып өстім мен...
Жауынгердеймін бүгін майданнан қайтқан,
(Жарама қара сен менің!)
Қара басымның қайғысын айтпан,
Даланың дерті – емгенім.


Тарихым менің – Қағбам, кием,
Кеудемде менің көмулі.
Елімді сүйем, жерімді сүйем,
Махаббатыммен ең ұлы.
Аңсаман даңқ, аңсаман төрді,
(Айқайлауға менің қақым жоқ).
Мұңында көптің қалсам бір болды,
Азабы күшті ақын боп.
Онсыз, өмір, мазмұның болмас,
Онсыз болмас сөз басы.
Көзімде менің жас болса, ол жас –
Қара қазақтың көз жасы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу