Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  94


Автор: Мұрат Шаймаран

Менің мекенім

Жүрсің бе сен əлі мені іздеп,
Жаныңнан жалғыздық айықпай.
Жел айдап шығарған теңізге,
Иесіз қайықтай?!
Алдыңда – тойымсыз ақ айдын,
Соңыңда – құлазып жағалау.
Толқындар үрей боп қамайды,
Толқындар, ол анау!
Тəкəппар емес пе ең, күнім-ау,
Жылдарға береді дес иінің.
Шақырып жатыр ма шыңырау,
Жалмады иірім?!
Тұманы теңіздің, жұрт оны:
«Тым қалың һəм соқыр» деседі.
Күтеді, күтеді, күтеді,
Суынған төсегің.
Алқынба, шарқ ұрма, қайт енді!
Теңізден таппассың сен мені.
Өзекті өкініш өртейді,
Басады кеудеңді...
Санаңды сарғайтпа, жүдетпе!
Өмірден өгей бір күй аңсап.
Мекенім – ып-ыстық жүректер,
Алғанмын ұя сап...
Жүрсің бе сен əлі мені іздеп,
Жаныңнан жалғыздық айықпай.
Жел айдап шығарған теңізге,
Иесіз қайықтай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу