Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  86


Автор: Мұрат Шаймаран

Қыран тағдыры

Қансонардың алғашқы шағы түсіп,
Қанаттарын ауаға жанып ұшып,
Көкке атылды қанды көз кəрі қыран,
Көкжалдан да көрмеген сағы сынып.
Тұғырынан алапат босанды алып,
Атылған бір оқтайын қашанғы анық.
Жиренімен артынан қоса шапты
Құсбегі шал сақалы шошаң қағып.
Қыран ақты – аспанда алау ақты,
Бір қызыққа таңырқап дала жатты.
Зымқап ұшқан қыраннан көз айырмай,
Қарғадай шал қалбаңдап бара жатты...
Дұспанының қарымын жақсы білген,
Əккіңіздің айласы қашты мүлдем.
Қыран солай істеді қырандығын,
Ор түлкіні шеңгелге басты бірден.
Жетті шалың артынан «арашаға»,
(Салтың солай болғасын жарасады, ə)
Бір жапырақ қызылды қыран құсқа,
Тастай салды, кездігін ала сала.
Құсбегі шал біледі: «жөні-ақ осы...
Қазір, қазір кигізем томағасын...»
Сол қыранның бойында бір ашу бар,
Тұратұғын алысқа ала қашып.
Өрлік билеп үйренген дара басын,
Ол ештеме айтпайды далаға осы.
Сол қыранның көзінде бір аңсау бар,
Бір аңсау бар, бар тағы томағасы...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу