Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  100


Автор: Мұрат Шаймаран

Аңсау

Суыт жүрген хабаршыдай, жол жақтан,
Тағы, міне, келді ақпан.
Мен өзіңді үнсіз тосып отырам,
Жел қағады есігімді сен қаққан.
Боран үні – сыбызғы үні қайғылы,
Қалған дауыс айбарынан айрылып.
Таулар мені тосып тұрған секілді,
Артына бір қайрылып.
Аяз сіңген тұп-тұнық бұл еріндер,
Мені тағы аймалаңдар, өбіңдер!
Таулар, таулар, мен сендерден сұранам!
Қарамай-ақ маған кете беріңдер.
Қандай аппақ дүние бұл, қарашы!
Бəрі бірден тұрған жоқ па жарасып.
Ербеңдеген еменнің де бұтағы,
Менің жалғыз отырғаным адасып...
Суыт жүрген хабаршыдай, жол жақтан,
Тағы, міне, келді ақпан.
Мен өзіңді үнсіз тосып отырам,
Жел қағады есігімді сен қаққан.
Жұлдыз біткен əр сəтімді тұр бағып,
Жырлай-жырлай кетермін-ау жынданып.
Кəрі ақпанның кеудесінен қақ жырып,
Көктем болып жетіп келмей жүр нағып?!
Келсеңші енді, желмен бірге зуылдап,
Асыл шарап секілді бір буынды ап!
Арбауына түскен құстай жыланның,
Көкте асылып қалғансың ба шырылдап?!
Ағыттырып менің селдей мұңымды,
Жарық қылып менің көрдей түнімді.
Келсеңші енді, үнсіз тосып отырам,
Біле тұра сенің келмейтініңді...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу