Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  74


Автор: Мұрат Шаймаран

Тағдыр

Тағдыр есік қақты!
Соқпағындай ауылдың түнге сіңген,
Мəңгілік жалғыздығым тұрды алдымда,
Құлазулы күн кешірген.
Қабылдадым – қабағы кірбең ғұмыр.
Тəкəппарлау, тағылау һəм мұңлылау,
Сол ма деймін жырымда жүрген күбір.
Тағдыр есік қақты!
Адалдығын жанына бүккен аппақ,
Жаралы махаббатым тұрды алдымда,
Кірпігіне мөп-мөлдір шық қонақтап,
Қабылдадым – еншісі келер күннің,
Əсемдігін əлемнің, азабын да,
Жаудыраған көзінен көрем бүгін.
Тағдыр есік қақты!
Мен сияқты жанатын ендігі үміт,
Тылсымдардан жеткен бір хабаршыдай,
Муза жыр келді кіріп.
Қабылдадым, жүректен мекен алды.
Тым құпия, тым мұңды жолға мені,
Жетелеп кете барды.
Тағдыр есік қақты!
Қолымыздан жасалған мың күнəдан,
Жат анаға телінген сəбидей боп,
Жаутаң қағып жанары тұрды далам.
Қабылдадым, жетердей сенім – күшім,
Ескі ошақта қалған бір қоламтадай,
Ұлы рухын жандырып беру үшін.
Тағдыр есік қақты...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу