Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  97


Автор: Мұрат Шаймаран

Кездесу

Аттанып кетермін мен ертең,
Таңдарым нұсқаған жол маған.
Əрі ыстық, əрі жат бұл өлке,
Сондайсың сен маған.
Есімде қалары:
Көк орман,
Шаң басқан ескілеу жолдарың.
Шыққаның бекетте сен алдан,
Жəне үнсіз қалғаның.
Бір лебіз ерніңнің ұшында,
Қып- қызыл бояуға көміліп.
Əдемі сөз болып ұшуға,
Ұқтым мен,
Жоқ үміт...
Сол балғын дидарың нұр атпай,
Салалай бердің сен шашыңды.
Жүрегім жүгенсіз құр аттай,
Бір тулап басылды.
Жастыққа айтатын уəжің не?!
Альбомы сияқты бір сырдың.
Жүзімді торлаған əжімге
Қарадың күрсіндің.
Ұрғылап жанымды тар тасқын,
Арманның ағысын келді үзіп.
Мен деген жалқы бір жартаспын,
Жататын жел мұжып...
Сен мені несіне шақырдың,
(Опасыз екен ғой бұл жалған!)
Кірпігіңе ілініп, ақылдым,
Мөп-мөлдір тұр маржан.
Тұманға бұлама тым ұзақ,
Көзіңді,
Береді кім аршып?!
Күзде боз жусанға қонып ап,
Осылай тұрар шық...
Аттанып кетермін мен ертең,
Таңдарым нұсқаған жол маған.
Əрі ыстық, əрі жат бұл өлке,
Сондайсың сен маған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу