Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  320


Автор: Мұрат Шаймаран

Еске алу

Жарым жатыр тəтті ұйқыда,
балам жатыр балбырап,
Өзіңді ойлап таң атқанша тыншымадым мен бірақ.
Кірпіктерім бір-бірімен құшақтаса бергенде,
Күбір-сыбыр пенде тірлік ұзап қаша бергенде,
Тар төсектің бал қызығы буынды ала бергенде,
Басымдағы тұман мұңым қырын қала бергенде,
Сен келесің көз алдыма,
Көз ілуге жоқ амал,
Сенің балғын сол бейнеңнен безінуге жоқ амал.
Тереземнен бозаң айдың сəулесі кеп төгілер,
Сол толған ай толықсыған дидарың боп көрінер.
Сен білмейсің,
тарттым қанша сағыныштың азабын,
Құр елеске сен екен деп саусағымды созамын.
О, тəйір-ай, қайрылмастан жылдар қалай озған, ə,
Сыбырлайды жұлдыз маған:
«Ескі дертті қозғама!»
Сағыныштың сайтан оты көкірегімде қоздана:
«Бəрін бірден ұмыттым деген –
Жай, əншейін сөз ғана».
О, тəйір-ай, жолдар бұраң,
Көңіл неген тым кіршең?!
Жүдеу тартқан жүрегіме əжім түсті,
(сен білсең)
Менің алғаш бастау алған тұнықтығым секілді ең,
Албырт, қызба, һəм қиялшаң жігіт күнім секілді ең,
Адалдығым,
Аңқаулығым,
Осалдығым секілді ең,
Сүю деген жалғыз сөзге масаң күнім секілді ең...
Сол қалпыңды сақтау үшін,
Қайғы – шарап мың іштім
Жəне сенен кеттім алыс, көрінбеуге тырыстым...
Жарым жатыр тəтті ұйқыда, балам жатыр балбырап,
Өзіңді ойлап таң атқанша тыншымадым мен бірақ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу