Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  123


Автор: Мұрат Шаймаран

Сен мені ұмыттың ба

Сен мені ұмыттың ба,
Ұмыттың ба жастықтың жалын шағын?!
Бақытсыз – махаббатқа табынса кім.
Сан қуарып қайыңдар, сан көктеді,
Есейіп кетті сезім жөргектегі.
...Қасыңда кердең басқан жігітің бар,
Кетіп едің көзіңмен жерлеп мені.
Ұмыттың ба сен мені,
Кім біледі?!
Құбылмалы əйелдің күн – жүрегі.
Тұман тартты жолдарым алдымдағы,
Көзім жасы сан ағып, сан құрғады.
Менің жаным езіліп жатты сол кез,
Лайсаң дала сынды жаңбырдағы.
Сен мені ұмыттың ба,
Ұмыттың ба бақытты батып ішкен,
Жырымды оқып, айттың ба атымды іштен?!
Жаныңда өткен күннің жылты қанша?
Басылмас ғашық жүрек бір туласа.
Басымды тауға да ұрдым,
Тасқа да ұрдым,
Сенің бейнең санамнан ұмытылғанша.
Сен мені ұмыттың ба?!
Бекер, бекер, қайтейін, бірақ бəрі,
Көп қой мынау өмірдің сұрақтары.
Кеттім мен де артыма бұрылмастан,
Айтар саған күркіреп жырымды аспан.
...Көшкен жұрттай құлазып жатыр əне,
Іргеңдегі жасыл бақ сыбырласқан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу