Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  117


Автор: Мұрат Шаймаран

Жаса, еркіндік


Көк аспаннан тамшы тілеп талыққан,
Қауашағын келе жатыр жарып дəн.
Мен еркіндік жайлы жазам жырымды,
Тыңда мені, ғарып маң!
Сұлулығын жарық күн мен нұрлы айдың,
Көне ғасыр шайыры боп жырлаймын.
Жанарларда тұнып тұрған теңіздің,
Толқындарын дауыл болып ырғаймын.
Шылбырыңа жармасамын дүлдүл күн,
Əр сəтіңнен алдым мұңын мың жылдың.
Мен өзіне берем бүгін қайталап,
Сиқырлы үнін қапастағы бұлбұлдың.
Өмір, маған секілдісің қыз демі,
Сен жымисаң кірпігімнен
мұз да еріп –
Айтып берем ақ қайыңның көйлегін,
Алып қашып баратқанын күз желі.
Сынса, сынсын төзіміңнің шөлмегі,
«Ақымақ!» деп кінəлай бер сен мені.
Мен кеудеме өз өсіне сия алмай,
Ағып түскен жұлдыздарды жерледім.
Жаса, еркіндік,
тағы, тағы жаса, мұң!
Сенің мұңсыз жұмағыңнан қашамын.
Бұл əлемнің жара-жара тəніне,
Жүрегімді басамын...





Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу