Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  92


Автор: Мұрат Шаймаран

Жетпейді де тұрады

Шарап па əлде керегі?!
Құяр едім жыл-айлап,
Күн нұры ма, əнеки, терезеңде тұр ойнап.
Əкіреңдеу үшін бір мынау момын халыққа,
Лауазым ба керегі, əлде асқақ даңқ па?
Алданыш па керегі, жұбаныш па, егейім?!
Барлық қызды жинап ап əн салдырып берейін.
Сенімменен серт ұстар семсер тілеп жүрсің бе?
Оны да əкеп берейін, күрсінбе сен, күрсінбе.
Кең сарай ма сайрандар,
жабыққанда дем алар?!
Оны да ептеп көрейін, менде өзге жоқ амал.
Дейсің: «маған бір нəрсе жетпейді де тұрады»,
Сол бір сөзің жадымнан кетпейді де тұрады.
Бұл əлемнің бар мұңын жанарыңа жиып ап,
Лашығыңда үн-түнсіз отырасың сен ұзақ.
Анау шулы дүние, оған елең етпейсің,
Бəрін берем десе де, бірақ керек етпейсің.
Аласұрып əр таңды атырасың шаршаумен,
Елде де жоқ, менде жоқ бір нəрсені аңсаумен.
Жүрген жоқ па ол əлде еркін өлең тілінде,
Жатқан жоқ па қан жұтып жүрегіңнің түбінде?!


Дейсің: «маған бір нəрсе жетпейді де тұрады»,
Сол бір сөзің жадымнан кетпейді де тұрады...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу