Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  108


Автор: Мұрат Шаймаран

Таңғы дауыс

Таңғы дауыс еді қандай керемет!
Сен ұйқыда, мен ояумын, не керек.
Аспан өзі адастырып келген бұлт,
Тағы жауып өте шықты себелеп.
Тереземді тамшы қағып тұр анау,
Ол да мені іздеп жүрген шығар-ау.
Қызыл күрең жапырағы қайыңның,
Сияқты бір лаулап жанған мың алау.
Қара жаулық жамылып ап өлі түн,
Мұңға бөлеп кетті, білем, мені тым.
Сен ұйқының құшағында жатырсың,
Таң сəріде тəтті түске елітіп.
Келді, міне, сап-сары ала алтын күз,
Біз өмірге неге сонша салқынбыз,
Жыр боп жанып келе жатқан, жалынды ұл,
Əнге айналып келе жатқан, жарқын қыз?!
Құсы қайтқан даладай ма ен көңіл,
Сырын айтып күбірлейді желге өңір.
Əжең айтқан ертегідей емес бұл,
Тəтті түске ұқсамайды енді өмір.
Күн болмаса көктің жүзін кім ашпақ,
Шығар ол да бар екенін растап.


Оян, жаным!
Бар дауыспен құлаштап,
Əніңе сал тым асқақ...
Таңғы дауыс билеп алар еркімді,
Қайыршының қолындағы ең соңғы
Жарты жармақ секілді...
Тереземді тамшы қағып тұр анау,
Ол да мені іздеп жүрген шығар-ау.
Қызыл күрең жапырағы қайыңның,
Сияқты бір лаулап жанған мың алау.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу