Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  86


Автор: Мұрат Шаймаран

Айға

Менің арпалысымды,
Сен білесің, ай нұрлы!
Кекке толы даусымды,
Һəм орасан қайғымды.
Тереземнен үңіле,
Енер сəулең бозаңғырт.
Жүрегімнің түбінен,
Жүргендей бір сөз аңдып.
Көңілде көп естеме,
Жанымда дерт, шаршағам!
Күнге айтпаймын ештеме,
Бəрін айтам мен саған.
Жəне айтамын теңізге,
Өзендерге тасынған;
Сен ортайған кезіңде,
Аптығы бір басылған.
Көзімдегі іркінді,
Сенің бозаң шұғылаң.
Мен де теңіз сықылды,
Саған қарап құбылам.
Сені көкке өрмелеп,
Аққан тұман жасырар.
Мені адамдар термелеп,
Айтқан күмəн жасырар...
Менің арпалысымды
Сен білесің, ай нұрлы!
Кекке толы даусымды,
Һəм орасан қайғымды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу