Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  120


Автор: Мұрат Шаймаран

Сапар айы

Миымдағы сан күдік бораннан да қатерлі,
Мені желп-желп еткізіп, мұнда қалай əкелді?!
Атқа қондым, əманда, жетелейді бір құйын,
Ырымшылдау адамға сапар айы тым қиын!
Жалғыз жортқан пендеге уайым – көкжал жолығар,
Иен жатқан кеудеңе үрей қонар, толығар,
Аспан,
Жұлдыз,
Түн,
Дала қимылыңды көтермей,
Қарайды үнсіз ұрлана, үнсіз жұтып кетердей...
Жалғыз жортқан пендеге уайым – көкжал жолығар,
Жақын қалдық елге де, шу, жануар, жануар!
Қарманбасқа шараң не, жүздеспеуге өліммен,
Алыстағы бір сəуле ел боп бізге көрінген.
Жеттік, жеттік ақыры, тұр оңаша мұжық там,
Соның оты шақырып, соның оты жылытқан.
Адасады ай көкте, тұр аулада жүдеп тал,
Аржағында əйнектің жылтыраған бір от бар.
Пысқырынды арғымақ, менде де жоқ кымсыну,
Тұрдым қақпа ұрғылап, жатыр ұйықтап бір сұлу.
Кірпігіме қатқан мұз жүрегімді тоңдырып,
Тəтті ұйқыда жатқан қыз оянбады – соңғы үміт...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу