Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  66


Автор: Мұрат Шаймаран

Көктем келеді

Көктем келеді.
Жер түлейді өзгеше,
Мынау өзен сел тілейді өзгеше,
Бір жарақат сыздатады жанымды,
Көкірегіме шер түнейді өзгеше.
Өзгеше боп басталады тіршілік,
Аспан тұрар бір жылап, бір күрсініп.
Нұрлы жырға, улы жырға құлшынып,
Жүрегімнен жарып шығар бір шыбық.
Көктем келеді.
Емініп бар шуаққа,
Жынды көбелек жармасады шыраққа.
Енесінен жетім қалған бір құлын,
Ауық-ауық кісінейді қыратта.
Қаз келеді, қаңқылдайды өзгеше,
Жасындар да жарқылдайды өзгеше.
Жалғыз қонған жалбыр құстың ішінен,
Мұңға толы əн тынбайды өзгеше.
Көктем келеді.
Адастырып сері үміт,
Күнде баяу батады, енді, ерініп.
Сонау таудан жеткен бөрі үніне,
Біздің иттер шуылдайды еліріп.
Арлы-берлі бұлт ағады өзгеше,
Жаңбыр емес, мұң тамады өзгеше,
Нөсер тілеп тұрған дала төсіне,
Көздің жасы мың тамады өзгеше.
Көктем келеді...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу