Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  126


Автор: Мұрат Шаймаран

Мен саған өкпелемеймін

Мен саған, өмірім, өкпелемеймін.
Нұрлы күннің сыйладың шуақтарын,
Содан мен таптым да қуат дарын,
Сен берген адалдықтың аппақ туын,
Ешқашан құлатпадым.
Мен саған өкпелемеймін.
Сен сыйладың жасынның күркіреуін,
Жасын осса, қара жер сілкінеді.
Сен маған жылы жүрек бердің, білем.
Сəбилік меніменен бір түнеді.
Мен саған өкпелемеймін.
Омырауымды боясын жасым қанды,
Сонда да мен сүйемін тасынғанды.
Жақпай қалсам біреуге,
Ол өз кінəм –
Білмегендігім бас ұрғанды.


Мен саған өкпелемеймін.
Кесесінен біреудің у жұтсам да,
Кетсем тағы құрдымға сырғып қанша,
Жалғандықтың қолынан жазым болған,
Бейшара шындықтарша.
Жердің мұңын айтамын кемеңгерге,
Желдің сырын айтамын кереңдерге.
Қияметті болсаң да сен қымбатсың,
Қақым жоқ өлем деуге.
Мен саған, өмірім, өкпелемеймін.
Саусағымды созамын таң нұрына.
Дəруіштердің елітемін əн-жырына.
Ақын болып толғану қандай бақыт,
Əлемнің тағдырына.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу