Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  79


Автор: Мұрат Шаймаран

Ақын

Жырыңды тағы оқыдың еркін,
Асқақ бір үнің дауылдап.
Құпиясын айттың ел менен жердің,
Өзің де жердей ауырлап.
Пенделер мынау тозаңдап тұрған,
Пəнидің бұраң жолында –
Қасірет қанша мазаңды ап тұрған,
Уыттар қанша қаныңда?!
Шараптың сенде десі де басым,
Жүресің ұзақ мастанып.
Тірліктің сенен есі де қашып,
Тұрады, білем, жасқанып.
Ақындықтың даңқындай сақтап,
(Өртенсін елдің өзегі! )
Алтыннан əрмен жүресің мақтап,
Омарлар тұтқан көзені.
Тапшылық саған жайса да ірге,
Уайымның бұлтын бүркеніп.
Сүмбіл шаш сұлу қыздармен бірге,
Кетесің қырға гүл теріп.
Кенеліп бір сəт сезімге тегін,
Жаныңды өртеп бұл жалын.
Білесің сосын,
Көзінде оның
Ажалдың оғы тұрғанын.
Арбайды сені көктегі нұрлы ай,
Арбайды сені кеңістік.
Өзіңе-өзің жүресің симай,
Мекен бір болмай жер үсті...
Риза болар қара жер саған,
Құшағына алды,
Шақырды.
Жұмаққа қарай бастады ғалам,
Сəбидей аңқау ақынды.
Тозаққа қарай беттеді ақын,
таңданды Алла,
Аһ ұрды...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу