Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  81


Автор: Мұрат Шаймаран

Бозамық түннің бозарған айы

Табиғатын мың жылатып,
Даланың өңін тонайды уақыт.
Бозамық күздің бозарған айы,
Қырлардан ары барады батып.
Демінен күздің жапырақ ұшып,
Құлайды келіп жолдарды құшып.
Түсімде менің:
Өшкен ошақтар,
Иен жұрт жəне иесіз күшік...
Атыздар анау, тұманды алап,
Тұрады маған мұңдана қарап.
Шыңға өрлеп баратқан сұп-сұры бұлттар,
Шытырман ойдай алады қамап.
Сайраған құстар көктемде келіп,
Мезгілден қатал қалдың ба жеріп?


Қапасты мынау тас-талқан етіп,
Мен саған алыс кетсем бе еріп?!
Мекенім менің мəңгілік қыстар,
Жанымды суық қолымен ұстар.
Мені тастап барасың қайда,
Жаралы құстар, қаралы құстар...
Демінен қүздің жапырақ ұшып,
Құлайды келіп жолдарды құшып.
Түсімде менің:
Өшкен ошақтар,
Иен жұрт жəне иесіз күшік...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу