Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  79


Автор: Мұрат Шаймаран

Сен, өмір

Əлемнің түрлі бояуын,
Қабылдап жаным мың дүркін.
Əзірге, өмір, ояумын,
Келетін емес мүлде ұйқым.
Ғарыштан құлап бір сəуле,
Ғаламнан мені тапқандай.
Жымия қарап түн сəлге,
Сыбырлап тіл қатқандай.
Ай туып көкте бозамық,
Боз ала таңға нұр жайған.
Тылсым бір сəттен сөз алып,
Жататын жүрек – бір майдан.
Оттарым жанған өлермен,
Лап етіп барып сөнердей.
Бір жұлдыз ақса төбемнен,
Елеңдей берем, елеңдей...
Кірпігім кетсе айқасып,
Қорғасын ұйқы ырқына ап,
Сен, өмір, алға қайта шық,
Оят та мені жұлқылап!
Сен, өмір,
Менің жарқылды,
Жырымды тыңда от-өкпек.
Мəңгілік ұйқы ақынды,
Кетпесін десең жетектеп!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу