Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  64


Автор: Мұрат Шаймаран

Көктемім келе жатыр...

Көктемім келе жатыр.
Жасын ойнап жанарда жəне аспанда,
Алма ағашы бүршігін жаңа ашқанда,
Аласұрып жүретін бар ағайын
Мін тақпайды ақыны адасқанда.
Оятады бір үміт сілкіп мені,
Жылулықтың кеудемде кілкіп демі.
Ғаламаттай қара жер теңселеді,
Қан жүгіріп, бойына шыр біткелі.
Жайды уақыт жап-жасыл жапырағын,
Жүректерді билейді батыл ағын.
Əр сөзіме булығып жүрем іштей,
Мен соны айта алмай аһ ұрамын.
Сейілмейді жаным бұл бір күрсінбей,
Сосын ұзақ адасып жүрем, рас.
«Соқыр теке» ойнаған бүлдіршіндей.
Адастырған жанымды үміт-күдік,
Мені өмірге жіберді құнықтырып.
Сең ойнаған өзенге барамын да,
Сосын қайтып келемін тұрып-тұрып.
Көктемім келе жатыр...
Күнді өткеріп, беймаза түнді өткеріп,
Қырды аңсаймын кетсем деп дүрмекке еріп.
Тебіреніс пе, білмеймін, теңдесі жоқ,
Көкірегімде ағындар тұр кептеліп.
...Аспан толы құс үні ала бөтен,
Жусан иісіне елітіп мас бола кетем.
Жиырма бесінші көктем бұл тым өзгеше,
Мені қайда жетелеп барады екен?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу