Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  89


Автор: Мұрат Шаймаран

Сен ән салсаң

Сен əн салсаң,
Жарқыл қағып жаныңның оттарынан.
Арылам да жабырқау шақтарымнан,
Көктемдегі сеңдей боп ақтарылам.
Сен əн салсаң,
Құдіретке кетемін сеніп бірде,
Ұмытамын ақылды, ерікті де.
Қасіретім кетеді көз жасыммен
Еріп бірге...
Қыран шабыт ұшады тым алысқа,
Бар үмітім жүреді шырақ ұстап.
Кеудем менің қайнаған жанар таудай,
Жарылады қуаныштан.
Сен əн салсаң, бұла қиял жетегінде,
Дəріуішің боп дала кезіп кетемін де,
Сеземін астан-кестен дүниенің,
Əдемі екенін де.
Құпиясын ашқандай тілсіз ғалам,
Өрекпиді жүрегім жыр сыздаған.
Ойға батқан ояу бір теңіздейін,
Сосын, мен үнсіз қалам.
Иіріміне батырып бұлаң ағыс,
Жүрген мені мың құлап,
Мың адасып,
Құтқара көр, бұла дауыс!
...Қайтып тағат табамын жан ұшырмай,
Сенің əнің ендігі тағдырымның,
Асқақ бір дауысындай...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу