Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  110


Автор: Мұрат Шаймаран

Қош, жиырма бес

Қош, жиырма бес!
бүгін мен,
Көзімде жас, көңіл мұң,
Жіберемін өмірден,
Қимасымды өзімнің.
Жасынындай аспанның,
Оқыстан тіл қататын.
Көзіндей тас бастаудың,
Шым-шым қайнап жататын.
Діріліндей ауаның,
Иісіндей жусанның.
Жиырма бесім – даланың
Төсіндегі нұр – сағым.
Жанарында күн жанған,
Жалаң аяқ қар кешкен.
Жиырма бесім –
Біржаннан
Маған қалған наркескен.
Булығамын сөздерге,
Лап еткізіп айта алмай.
Ашусың сен көздерде,
Тұнып қалған байқалмай.
Уақыт, мені ырқыңа ап,
Буындырсаң, буындыр!
Жиырма бесім – шырқырап,
Жүрген асау құлын – жыр.
Шырқап салар əнімді,
Маған соңғы сағат бұл.


Қанат, құйрық-жалыңды,
Жіберейін тарап бір.
Асқақтығым себепті,
Мені мезгіл жүр аңдап.
Желмен ойнар жел өкпем,
Кете барғын бұлаңдап.
Ақыныңа жығылмас,
Қалса өмірдің қысы кеп.
Қолдан ұшқан құлын жас,
Жүресің-ау, кісінеп...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу