Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  78


Автор: Мұрат Шаймаран

Сен тағы

Сен тағы жарқ еттің бе,
Ғашық арман!
Кезіктің бе өзен боп тасып алдан.
Жеттің бе менің сонау күндерімнен,
Көзімнің жасы қалған?!
Сезімімді əлдилеп жөргектегі,
Ғаламат күй кештірдің сен кеп мені.
Сұрапыл тағдырымның суығынан,
Махаббат, сөнбеп пе едің?!
Киік – ғұмыр, секем күн секектеген,
Кетті бəрі, парызын өтеп бергем.
Сен бе едің түңілісті шақтарымнан,
Тірлікке жетектеген?!
Нөсер ұрып,
Кездерде қар бораған,
Балауса үміт дал ұрып жол қараған.
Сен бе едің менің тентек жүрегімді,
Үн-түнсіз жаулап алған?!
Көз алдымда теңселер шынар – қайғы,
Ұмыттым мен, айтпаймын мұнар жайды.
Махаббат!
Оралды ол əн боп қайта,
Өшпейді бұл əн мəңгі...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу