Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  76


Автор: Мұрат Шаймаран

Науаидың ғазалы

Үн-түнсіз ғана қолымды создым бокалға,
Ішінде оның шымырлап қана тұр шарап.
Ескі дос отыр күрсініп қойып алдымда,
Өткенін ойлап, қайыра қайта жыл санап.
Өзгеше, тіптен, бүгінгі түннің реңі,
Дірілдеп тұрды бозамық айдың сəулесі.
Əлдебір нені жоғалтып оның жүрегі,
Əлдебір нені тапқандай оның кеудесі.


– Өткенді айтпа,
Салауат болсын, – дедім мен,
– Еңсеңді көтер, бүгіле көрме, батырым.
– Жыр оқы, – деді. –
Түңілдім мынау өмірден,
– Жыр оқы, – деді, –
Жырыңды сүйем, ақыным!
Шараптың уы қанында ойнап сол сəтте,
Қотарды маған ескі дос көңіл азабын.
Үшінші адам, орнынан тұрып бір шеттен,
Оқыды бізге Науаидың мұңды ғазалын.
Отырдық сосын тілдесіп қана көздермен,
Алдағы ұзақ жолдарды ойлап шақырған.
Шараптың сыйы үстемдеу келіп өзгеден,
Науаидың жыры қымбатты болып ақылдан...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу