Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  69


Автор: Мұрат Шаймаран

Өміріме

Қарашаның күні бір,
Қалтыраса жапырақ.
Тартады аспан бұлыңғыр,
Сарғаяды атырап.
Жасын ойнап, жай атар,
Алуан ойлар басымда.
Қалғып кетсем оятар,
Өмірім бар қасымда.
Өзгеменен келіспей,
Қарғыс жауса шелектеп.
Төзім етем мен іштей,
Өмір сүру керек деп.
Қасіреттер жаныма,
Көлеңкесін түсірген.
Жалынбаймын тағы да,
Өмір сүру үшін мен.
Өмір барда аһ ұрдым,
Қуаныш пен көз жасым.
Сірі жаны ақынның,
Білемін мен тозбасын.
Намысымды еңселі,
Жат біреулер пышақтап.
Жатса дағы мен сені,
Сүйіп өтем құшақтап...
Жасын ойнап, жай атар
Алуан ойлар басымда.
Қалғып кетсем оятар,
Өмірім бар қасымда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу