Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  75


Автор: Мұрат Шаймаран

Жетелеп пені

Жетелеп мені бір мұңды ойға,
Асығып, өмір, барасың қайда?!
Арылтар едім жанымнан дертті,
Сен мені жалғыз қалдырсаң нетті.
Шақырып мені жолдарым алыс,
Кетер ем жайға жетпейтін дауыс.
Барар ем өзен сағасын қуып,
Жүзімді сынық толқынға жуып.
Ауылдың қызы демімен шарпып,
Уайымсыз, ойсыз отырсам балқып.
Ішер ем шарап Хафизше шалқып,
Қалар ем сəтке масаңдау тартып...
Маңына қазір мəз емес көңіл,
Менсіз де жыршың аз емес, өмір.
Ғаламның зарын құшақтап, сүйіп,
Езіліп жүрек,
Барады күйіп.
Даламның нұры – көзімнің нұры.
Үзілер ме екен төзімнің жібі?!
Қайғының қара бұлттарын жасқап,
Келейін шығып тауларға асқақ.
Жадыма түйіп Махамбет жырын,
Өршілдеу тартып, бекітіп буын –
Қалтырап тұрған сары жапырақтары,
Аулама сосын, оралам тағы...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу