Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  163


Автор: Әбубәкір Қайран

Ат жарату

Семіз жылқы алысқа,
Шаба алмайды алқынып.
Арық аттың жарыста
Қалар күші сарқылып.
Аттың азап тоқтығы –
Арманда боп кетеді.
Араласып боқ-жыны,
Түбіне сол жетеді.
Сондықтан да бәйгеге
Бір ай бойы баптайды..
Назар салып әрнеге,
Қолда күтіп сақтайды.
Жуып шаңнан арылтып,
Сұлы беріп, жемдейді.
Сарылдырып сағынтып,
Суды да көп бермейді.
Кеш батырып, түн қатып,
Сейілге алып шығады.
Бұлшық етін ширатып,
Шомылдырып тұрады.
Арам терден арылмай,
Ашылмас ат қабағы.
Көпіршіген сабындай
Ащы терін алады.
Кеңейтпейтін терісін
Ащы тер көп көбеңде.
Қосып алар сол үшін,
Қара жарыс дегенге.
Тұщы тері шықты ма? –
Алынған соң білесің.
Ащы ма, әлде тұщы ма! –
Дәмін татып көресің.
Ащы болса тағы да,
Шабу керек баппенен.
Келгеннен соң бабына
Құлпырады ат деген.
Тер алудың ақыры –
Киіз жабу жабады.
Ең соңғы рет атының
Қамау терін алады.
Ыстық күнде оны әлі,
Терлетеді желдіріп.
Сонан кейін қояды
Бітеу тамға ендіріп.
Бұдан кейін жүйрікте
Тер қалмайды бір артық.
Шабатынын біліп те,
Тұрар соған құмартып.
Маңғаз тартып, маңқайып,
Бір салауат табады.
Екі бұты талтайып,
Көздері оттай жанады.
Алпаяды көкірек –
Арыстандай турасы.
Қуырдақтық еті жоқ,
Қауқаяды құр басы.
Келте кекіл, шалқұйрық,
Бөкен қабақ, салпы ерін.
Боташылап шын жүйрік
Майыстырар тірсегін.
Бурадай боп жараған,
Аш сілеусін пішінді.
Таба алмайды жан адам
Мұндай ғажап мүсінді...
Ал осының баршасы –
Ат жарату жемісі.
Атбегінің арқасы –
Шын тұлпардың жеңісі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу