Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  144


Автор: Әбубәкір Қайран

Ер-Тұрман атаулары

Болма, ботам, тым сылбыр
Тақ ноқтаға қыл шылбыр.
Сал тайыңа жүгенді,
Ер-тұрманды түгенде.
Тайдан құлап қалған көп,
Ауыздығын сал жөндеп.
Сағалдырық, сулығы
Сайлы болсын, біл мұны!
Мықты болсын тізгіні,
Көрсең, түзет бір мінін.
Терлікті сал қаққылап,
Тоқымды сал жақсылап.
Ерге бекіп тұратын
Қос тұрманның біл атын:
Өмілдірік алдында,
Құйысқанды салдың ба?
Енді дайын ерің де,
Тұрсын тайдың белінде.
Төс айылы бос болсын,
Шап айылы бек болсын.
Қанжығаңды майлап қой,
Қоржыныңды байлап қой.
Қамшы ұстауды білерсің,
Бүлдіргіден ілерсің.
Тұрма бекер жан аяп,
Үзеңгіге сал аяқ.
Таралғыңды ұзартпа,
Тым қысқартпа бірақ та.
Енді, ботам, жүріп кет,
Біз тұрайық «жігіт» деп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу