Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  283


Автор: Әбубәкір Қайран

Періште едің, пері емес ең алдамшы...

Періште едің, пері емес ең алдамшы.
Жайсаң едің, жан емес ең жалғаншы.
Жан таласып, жасырасың күнәңді,
Сен одан да өзіңе өзің таңданшы.
Таңдан,
Таңдан –
Мұндаймын– деп– мен неге?
Сайтан кірді қай уақытта кеудеңе?
Енді маған емші емессің,
Біліп қой,
Енді менің жүрегімді емдеме.
Ұзын,
Қою.
Қайқы қара кірпігің.
Көктей алмас жүрегімнің жыртығын.
Берекемді алып болдың
Ауырттың,
Қу жаныма бермей қойдың бір тыным.
Сағынба да,
«Сағынамын!» деме де
Сабырсызсың,
Сағынғанмен немене!
Мыйсызым-ау,
Мен білмейді дейсің бе,
Сенің жаның менен бөлек кемеде.
Кішкене еді кірбеңдерім,
Есейді.
Өтірігің өрт– өшімді көсейді.
« Қайтқың келіп тұр ғой...» деп ең күрсініп,
Айтқым келіп тұрып еді осы ойды.
Келмей-ақ қой , келмей-ақ қой сен маған,
Құсым едің қолыма ерте қонбаған.
Қара түнсің сен үстіме орнаған,
Мен теңізбін –дөңбекшимін, толғанам.
Келмей-ақ қой, келмей-ақ қой сен маған.
Мейірсізбін, мені әурелеп қайтесің,
Бар болса егер алынбаған айт, өшін,
Сен- перісің бір көрсеткен ай төсін,
Мен- пендемін біздерде жоқ сәйкесім.
Меңіреумін, мені әурелеп қайтесін?!
Келмей-ақ қой, мойынынды енді бір бұрма.
Жүк түсірме жүрек деген құрғырға.
Мен өзімді байлап қойдым шынжырға,
Бір сындырған сағымды енді сындырма,
Келмей-ақ қой, мойынынды енді бір бұрма.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу