Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  338


Автор: Әбубәкір Қайран

Ақтаңкер

Өтепберген Ақыпбековтың рухына
Жалғанда жалғызбын деп жасымаған,
Пейілін пәк сезіммен асыраған,
Айналған айдын көлін аққу құстай,
Мөп-мөлдір, аппақ нұрға ғашық адам–
Өлеңін өрге сүйреп, өнерін де,
Өмірден өтіп кетті асыл ағам!
Дариға-ай, күні жетсе құлайды адам,
Аһ ұрып, кімдер жылап, мұңаймаған.
Ойласам Өт-ағамның өрт жүрегін,
Ес таппай бір орнымда шыр айналам.
Еске алып жақсы күнді қуанушы ем,
Силаған сондай аға Құдай маған.
Жанары жасын атып жас шағында,
Самғады қыран құстай аспанында.
Лапылдап оттай жанып жүруші еді,
Бас бұрмай ұсақ-түйек басқа мұңға.
Жататын жалт-жұлт етіп інжу маржан
Ойының қатпар-қатпар астарында.
Жаралған жақсылықтың кіндігінен,
Нәр алған домбыраның күмбірінен,
Мың рет айналсам да көп емес-ау,
Ағаның қайта оралмас тірлігінен.
Әлдилеп жүрегінде ән мен жырын,
Қасында қатарласып бір жүріп ем.
Өмірдің көреді адам жазы-қысын,
Тағдырдың тартады адам жазымышын.
Өт-ағам өмір-бақи қалам тартты
Ар үшін, адам үшін, халық үшін.
Бармады ол бақай есеп бір қулыққа,
Көрмеппін пендешілік жаңылысын.
Қай қырын санамалап айта алайын,
Тамақтан өксігімді қайтарайын.
«Жақсының аты өлмейді» дейді халық,
Сол сөзді өз сезімдей қайталайын...
Ақтаңкер ақ сағымға сіңіп кетті,
Артынан ақ мінәжат айт, ағайын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу