Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  109


Автор: Әбубәкір Қайран

Ағам Азат қайтқандағы ой

Барлығын не болса да Тәңір етті –
Алдымен артымдағы іні кетті.
Сонан соң алдымдағы аға кетіп,
Жұламалап, жүрегімді еңіретті.
Осындай жазмыш қой өмір деген,
Нор теңіз шет пен шегі көрінбеген.
Тау толқын аранында жүрер пенде,
Сәт сайын тайталасып өлімменен.
Санасам, саны көп-ау көмгендердің –
Дос, туыс, жақын-жуық, көз көргеннің.
Інім мен ағамдай боп, төсек тартпай,
Ниеті қабыл ма екен өлгендердің?
Ажалды кейбіреулер «сұм» дейді ғой.
Сұмнан тек таза жүрек кірлейді ғой.
Ал ажал болмаса егер бейбақ пенде,
Өмірдің қасиетін білмейді ғой!
Күнаһар кеудемізге таратқан мұң
Күрт ажал – есіркеуі жаратқанның.
Аспанға ұшып кетті ол бір-ақ сәтте,
Құтылып құрығынан азаптардың...
Мен солай жан ағамды көміп келдім
Қайғының азабана төзіп бердім.
Мәйіттің бет-реңі жып-жылы екен,
Сұп-суық санын көргем өліктердің.
Азатты айтты бәрі арманды деп,
Үйленбей өмірінде қалған-ды деп.
Ол бірақ аяп жатқан секілденді
Біздерді аза тұтып, қалған жүдеп.
Жан еді сезімі өткір жаны нәзік.
Онысын таныдық та... танымадық.
Ғашығын жерге берген мұңдық еді,
Табысқан шығар оған жаны барып.
Мен солай ойға батам, қиялданам.
Мұныма күлсе күлсін ұялмаған.
Ғашықтық бір-ақ жанға өмір бойы –
Тілейтін нағыз мәрттік бір Алладан!
Жалғанда жан адамға бас бұрмады,
Жүрегін басқа аруға тапсырмады.
Азатым ар-жүрегі былғанбаған,
Қауышып ғышығымен жатсын-дағы!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу